17.06.2026, 22:23
Әлем

АҚШ визасын алу үшін делдал керек пе: елшілік жауап берді

АҚШ дипломатиялық өкілдігі визаны рәсімдеу кезінде ағылшын тілін білу, делдал жалдау немесе қомақты құжаттар топтамасын жинау міндетті емес екенін түсіндірді

АҚШ визасын алу үшін делдал керек пе: елшілік жауап берді
Фото: © istockphoto.com

Қазақстандағы АҚШ елшілігінің баспасөз хатшысы Кристофер Соренсен америкалық виза алуға қатысты кең тараған жаңсақ пікірлер туралы айтып берді. Түсіндірме АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының Instagram парақшасында жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Елшілік өкілінің айтуынша, АҚШ визасын алу өте қиын деген пікір шындыққа сәйкес келмейді. Жыл сайын мыңдаған қазақстандық америкалық виза алады. Сонымен қатар Қазақстан – Орталық Азиядағы азаматтарына АҚШ визасы 10 жылға дейін берілетін жалғыз мемлекет. Ол үшін анкета дұрыс әрі шынайы толтырылып, сұхбат барысында нақты жауап беру маңызды.

Сондай-ақ елшілікте виза рәсімдеу үшін арнайы агенттіктерге жүгіну қажет деген кең тараған пікір де жоққа шығарылды. Кристофер Соренсеннің сөзінше, өтініш берушілердің басым бөлігі виза алу үдерісінен өз бетінше өтеді. Туристік виза рәсімдеу үшін құжаттардың шағын топтамасы жеткілікті. Ал өз жағдайын өтініш иесінің өзі ғана нақты әрі дұрыс түсіндіре алады.

Ол кейбір делдалдардың виза мақұлдану мүмкіндігін арттырамыз деген оймен анкетаға нақты емес немесе жалған мәлімет енгізетінін ескертті. Алайда мұндай деректер анықталған жағдайда өтініш берушіге виза беруден бас тартылып қана қоймай, болашақта виза алу мүмкіндігінен де айырылуы ықтимал. Бұдан бөлек, делдалдардың қызметі көп жағдайда артық шығынға әкеледі.

Тағы бір кең тараған пікір – сұхбатқа көптеген құжат алып келу керек деген түсінік. Елшілік өкілдерінің айтуынша, әдетте өзіңізбен бірге төлқұжатты, DS-160 анкетасының толтырылғанын растайтын құжатты, сұхбатқа жазылғаныңызды растайтын бетті және жақында түсірілген фотосуретті алып келсеңіз жеткілікті. Қосымша құжаттар тек жекелеген жағдайларда ғана сұратылады.

Елшілікте сұхбаттан өту үшін ағылшын тілін еркін білу міндетті емес екенін де атап өтті. Қазақстанда сұхбатты ағылшын, қазақ немесе орыс тілінде тапсыруға болады. Тек студенттік және жұмыс визаларының кейбір санаттары бойынша ағылшын тілін меңгергенін растау қажет.

Сондай-ақ елшілік өкілі виза алудан бас тартылғаннан кейін қайта өтініш беру мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, бұрынғы бас тарту шешімі болашақта міндетті түрде тағы да бас тарту болады дегенді білдірмейді. Егер өтініш иесінің өмірлік жағдайы өзгерсе, ол өз жағдайы туралы шынайы ақпарат ұсынып, қайтадан виза алуға өтініш бере алады.

Бұдан бөлек, Соренсен B1/B2 санатындағы туристік визаның тек қысқа мерзімді іскерлік сапарлар мен туризм үшін берілетінін еске салды. Бұл виза АҚШ аумағында жұмыс істеуге немесе көрсетілген қызмет үшін ақы алуға құқық бермейді. Визалық талаптарды бұзу депортацияға және елге кіруге тыйым салынуына себеп болуы мүмкін.

«Туристік виза арқылы жұмысқа орналастыруға немесе мәртебені өзгертуге уәде беретін делдалдарға сенбеңіздер. Әрдайым визаңыздың талаптарын сақтап, АҚШ-та болу мерзімін бұзбаңыздар», – деп атап өтті америкалық дипломатиялық миссияның өкілі.