Иранның экономикасын қалпына келтіру үшін бірнеше елдің компаниялары миллиардтап ақша құятын болды
Нақты мән-жай алдағы келісім аясында белігілі болады
АҚШ пен Иран арасындағы соғысты тоқтату туралы келісім аясында Иран экономикасын ынталандыру үшін 300 миллиард долларлық жеке қор құрылмақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Reuters-ке сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, қаражаттың жартысынан астамы бөлініп қойған. Ол толықтай жеке сектор инвестициясынан тұрады. Қорды қаржыландыруға АҚШ, Парсы шығанағындағы араб мемлекеттері, Азия және Оңтүстік Америка компаниялары келісім берген. Инвестициялар энергетика, логистика, өндіріс және көлік салаларын қамтиды.
«Бастапқыда Тегеран АҚШ-тан соғыс шығындары үшін 400 миллиард доллар өтемақы талап еткен, бірақ Вашингтон бас тартқан соң осы инвестициялық қорды құру идеясы мақұлданды. Қор соғыс кезінде бүлінген мұнай өңдеу зауыттарын, әуежайлар мен өндіріс орындарын қайта құруға бағытталады», - деп хабарлайды дереккөз.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы вице-президент Джей Ди Вэнстің мәлімдемесіне сілтеме жасап, Иран Вашингтонмен жасалған шарттарды орындаған жағдайда ғана қаражаттың елге жұмсалатынын хабарлады.
Осы аптада қол қойылатын өзара түсіністік туралы 60 күндік меморандум аясында тараптар ядролық бағдарлама, санкцияларды жою және аймақтық қауіпсіздік мәселелері бойынша соңғы келіссөздер жүргізеді. Қор түпкілікті бейбітшілік келісіміне қол қойылғаннан кейін ғана ресми түрде іске қосылады.