Бүгін, 06:27
Әлем

Трамп пен Си Цзиньпин Ормуз бұғазы маңындағы жағдайды талқылады

БАҚ мәліметінше, Иран Қытаймен тығыз байланыс орнатқан

Трамп пен Си Цзиньпин Ормуз бұғазы маңындағы жағдайды талқылады
Фото: Reuters

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин Бейжіңдегі кездесу барысында Ормуз бұғазы маңындағы жағдайды талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy CNN-ге сілтеме жасап.

Ақ үй екі ел басшылары арасындағы келіссөздердің алғашқы күнін оң бағалады. Кездесудегі негізгі тақырыптардың бірі Иран төңірегіндегі ахуал болды.

БАҚ мәліметінше, Иран Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Қытай иран мұнайын ең көп сатып алатын ел болып қала береді. Дональд Трамп Қытай тарапын Ормуз бұғазының толыққанды жұмысын қайта жандандыру үшін Тегеранға ықпал етуге шақырады деп күтілген. Бұл бұғаз мұнай жеткізілетін ең маңызды бағыттардың бірі саналады.

«Екі тарап та энергия тасымалының еркін жүруін қамтамасыз ету үшін Ормуз бұғазы ашық қалуы керек деген пікірге келді», – деді Ақ үй өкілі.

АҚШ әкімшілігінің мәліметінше, Си Цзиньпин бұғазды милитаризациялауға және оны пайдаланғаны үшін ақы алу әрекеттеріне қарсы екенін білдірген. Сонымен қатар Қытай тарапы болашақта Ормуз бұғазы арқылы жеткізілетін мұнайға тәуелділікті азайту үшін америкалық мұнай сатып алу көлемін арттыруға мүдделі екенін жеткізді.

Алайда Ақ үй өкілі Қытай қақтығысты реттеу ісіне белсендірек қатысуға дайын ба деген сұраққа нақты жауап бермеді.