Хантавирус: Қауіпті вирус Франция мен АҚШ-та таралып жатыр
Хантавирус жұқтырған лайнер жолаушылары АҚШ, Франция және Испанияда бақылауға алынды
Франция мен АҚШ-та хантавирус анықталды. АҚШ Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, хантавирус тараған круиздік лайнердегі 17 америкалықтың бірінен вирус расталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тағы бір жолаушы жеңіл белгілерге шағымданған. Екі адамды тасымалдау кезінде олар ұшақтағы арнайы оқшауланған бөлімдерге орналастырылған.
Эвакуацияланған барлық жолаушы ерекше қауіпті инфекцияларды емдеуге арналған өңірлік орталыққа жеткізіледі.
Францияда да MV Hondius кемесіндегі жолаушы әйелден ПТР-тест арқылы хантавирус анықталған. Бұл ақпаратты Францияның денсаулық сақтау министрі Стефани Рист BFMTV арнасына растады. Әйел инфекциялық ауруханаға жатқызылған. Қазір онымен байланыста болған 22 адам бақылауға алынған.
Бұған дейін Испанияда MV Hondius лайнерінен 94 адам эвакуацияланған еді.
Қазіргі уақытқа дейін хантавирус сегіз адамнан расталды. Үш жолаушы көз жұмған, тағы бір науқас Йоханнесбургтегі ауруханада ауыр жағдайда жатыр.
Инфекцияның одан әрі таралу қаупіне байланысты жолаушыларға каюталарынан шығуға тыйым салынған.
Белгілі болғандай, лайнер Аргентинаның Ушуайя қаласынан шығып, Канар аралдарына бағыт алған.
Кемеде шамамен 150 адам бар. Олардың басым бөлігі – АҚШ, Ұлыбритания, Испания және Нидерланд азаматтары. Сондай-ақ экипаж құрамында Ресейдің бір азаматы бар екені белгілі болды.
10 мамыр күні таңертең хантавирус жұқтырған жолаушылары бар круиздік кеме Канар аралдарының жағалауына жеткені айтылды.