Өлімге әкелуі мүмкін хантавирус: Қазақстанда таралу қаупі бар ма?
Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығында хантавирустан қорғану жолдары туралы айтты
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы MV Hondius экспедициялық кемесінің жолаушылары арасында хантавирустық инфекцияның таралуына қатысты ақпаратқа пікір білдіріп, Қазақстан үшін қауіп деңгейін бағалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Хантавирус деген не?
Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, хантавирустар – негізгі тасымалдаушысы кеміргіштер болып саналатын зоонозды вирустар тобы.
Адамға вирус көбіне:
- кеміргіштердің бөлінділері араласқан ауаны жұту арқылы;
- вирус жұққан заттармен байланыс кезінде;
- сирек жағдайда жануар тістегенде жұғады.
Мамандар Andes orthohantavirus штамына ерекше назар аударып отыр. Себебі бұл вирус адамнан адамға жақын байланыс кезінде жұғуы мүмкін.
Індет туралы не белгілі
2026 жылдың мамыр айында Ушуайя өңірінен Оңтүстік Атлантика бағытына шыққан MV Hondius кемесінің жолаушылары арасында вирус жұқтыру жағдайлары тіркелген.
Қазіргі уақытта:
- Нидерланд,
- Германия,
- Ұлыбритания,
- Швейцария азаматтары арасында сегіз расталған және тексеріліп жатқан жағдай бар екені мәлім болды.
Инфекция қаншалықты қауіпті
Инкубациялық кезең 7 күннен 42 күнге дейін созылуы мүмкін.
Белгілері:
- дене қызуының көтерілуі;
- әлсіздік;
- бас ауруы;
- жөтел мен ентігу;
- жүрек айну және іш өту.
Ауру асқынған жағдайда:
- өкпе зақымдануы;
- тыныс жетіспеушілігі;
- шок болуы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, өлім-жітім көрсеткіші 30–40 пайызға дейін жетуі ықтимал.
Қазақстан үшін қауіп бар ма?
Мамандардың дерегінше, Andes orthohantavirus вирусы Қазақстан аумағында таралмаған.
Дегенмен:
- хантавирустық инфекциялар тұрақты бақылауда;
- эпидемиологиялық мониторинг жүргізіліп жатыр;
- зертханалар сырттан келуі мүмкін жағдайларды анықтауға дайын.
Жұқтыру қаупін қалай азайтуға болады?
Мамандар:
- кеміргіштермен байланысқа түспеуге;
- өлген жануарларға қол тигізбеуге;
- бөлмені тазаламас бұрын желдетуге;
- жеке бас гигиенасын сақтауға;
- қауіпсіз су мен азық-түлік қолдануға кеңес береді.
Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі таңда жағдай бақылауда екенін және Қазақстан тұрғындарына алаңдауға негіз жоғын мәлімдеді.