Иран Ормуз бұғазын қайта жабатынын мәлімдеді
Иран тарапы бұғаздағы шектеулердің алыну шарттарын нақтылады
Иран билігі АҚШ тарапынан жалғасып жатқан теңіз блокадасына жауап ретінде Ормуз бұғазын қайта жабатынын мәлімдеді. Стратегиялық маңызы бар су жолы енді Иран Қарулы күштерінің бақылауына өтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Хатам әл-Анбия» орталық басшылығының ресми өкілі бұған дейінгі келісімдердің бұзылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Иран осыған дейін ізгі ниет танытып, мұнай және сауда кемелерін шектеулі түрде өткізуге келіскен болатын.
«АҚШ тағы да опасыздық танытып, теңіз қарақшылығын жалғастыруда. Осыған байланысты Ормуз бұғазын бақылау бұрынғы қалыпқа қайтарылды. Стратегиялық су жолы Иран Қарулы күштерінің қатаң басқаруы мен қадағалауында болады», — деді басшылық өкілі.
Иран тарапы бұғаздағы шектеулердің алыну шарттарын нақтылады. Ресми мәлімдемеге сәйкес, АҚШ Иранға баратын және одан шығатын барлық кеме үшін кеме қатынасының толық еркіндігін қалпына келтірмейінше, Ормуз бұғазындағы жағдай өзгермейді.