Үндістанда отшашу зауытындағы жойқын жарылыстан 23 адам қаза тапты
Өрт сөндірушілердің бірі ауыр жарақат алды
Тамилнад штатындағы Вирудхунагар округінде орналасқан жекеменшік пиротехникалық бұйымдар шығаратын зауытта жойқын жарылыс болды. Соңғы мәліметтерге сәйкес, апат салдарынан 23 жұмысшы мерт болып, тағы бірнеше адам жарақат алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Hindustantimes онлайн басылымына сілтеме жасап.
Жарылыс жексенбі күні сағат 15:30 шамасында «Vanaja» кәсіпорнында болған. Сол сәтте зауытта 30-ға жуық адам жұмыс істеп жатқан. Жарылыс күшінің қатты болғаны соншалық, ғимараттың бірнеше бөлмесі қирап, көршілес құрылыстар жермен-жексен болған. Құтқару жұмыстары кезінде зауытта екінші мәрте жарылыс болып, өрт сөндірушілердің бірі ауыр жарақат алды.
Үндістан Президенті Дроупади Мурму, Премьер-министр Нарендра Моди және штаттың бас министрі Мутхувел Карунанидхи Сталин қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты. Үкімет зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетуді тапсырды.
Алдын ала болжам бойынша, жарылыс жұмысшылар шикізат өңдеп жатқан дәлізде басталған. Полиция кәсіпорын иесіне қатысты қылмыстық іс қозғап, оны іздестіруге арнайы топтар құрды. Зауыттың лицензиясы жойылатын болды.