«Ойын ойнайтын»: Түркия мектебінде бір мұғалім мен сегіз оқушыны атып тастаған жасөспірім жайлы не белгілі
Оны жақындары жер қойнына тапсырды
Кахраманмараш қаласында 14 жастағы оқушы мектепке қарулы шабуыл жасап, салдарынан мұғалім мен 8 оқушы қаза тапты. Тағы 20 адам жарақат алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қайғылы оқиғадан кейін шабуыл жасаған жасөспірім Иса Арас Мерсинли көз жұмды. Сараптама қорытындысына сәйкес, оның өліміне аяғындағы жарақат себеп болған. Өткір заттан тиген соққы ірі қан тамырын зақымдап, сыртқа көп қан кетуіне әкелген. Тергеу барысында шабуылдаушыны тоқтатқан азамат Неджметтин Бекчи болғаны анықталды. Ол мектепке артқы есік арқылы кіргенін айтады.
«Мен артқы есіктен кіріп, жерде жатқан адамды көрдім. Оны бірнеше адам ұстап тұрған. Басында оларды буфет қызметкері мен мұғалімдер шығар деп ойладым. Көмектесу үшін жақындадым. Оның шашы ұзын, үстінде капюшон болды. Бетін көрмедім, бірақ денесі ірі, бойы ұзын болғандықтан, 25–30 жастағы адам шығар деп ойладым», - дейді ол.
Оның айтуынша, оқушыларға жаппай оқ атқан бала өзін тоқтатпақ болғандарға қарсылық танытқан.
«Ол босап кетуге тырысты. Сол кезде қолымдағы пышақпен оның аяғынан ұрдым. Мен оның қашып кетуіне және басқаларға зиян келтіруіне жол бермеуге тырыстым», - дейді аспаз.
Мектеп психологы да жасөспірімді бұрыннан білетінін айтты. Оның сөзінше, оның білімге деген құштарлығы төмен болған.
«Мен оны 5-сыныптан бері танимын. Біз отбасымен үнемі байланыста болдық. Ол мектепке барғысы келмейтін. Ал келген кезде кеткісі келіп тұратын», - дейді маман.
Оқушы жан-жағына оқ ата бастағанда, мектеп қызметкерлері әуел баста абдырап, не болып жатқанын түсінбей қалған көрінеді.
«Сол кезде мен жоғарғы қабатта тәртіпті бақылап жүрген едім. Кенеттен дыбыс естіліп, төменге түстім. Оқушылар «трансформатор жарылды» деп ойлады. Мен бірінші қабатқа түсіп, қайтадан жоғары қабатқа шықтым. Сол кезде дыбыс тоқтаған еді», - дейді ол.
Кейін ұсталған сәтті де сипаттап берген.
«Иса бізге қарай келе жатты. Қолында ештеңе болмады. Біз бәріміз бірге оны ұстадық. Жерге құлатқанда, қалтасынан оқтүсіп кетті. Мен жараланған оқушыларға көмектесу үшін кеттім. Сол кезде оның жанында ағаш сабы бар пышақ жатты», - деп айтып берген ол.
Қаза тапқандардың қатарында мұғалім Айла Кара бар. Ол оқушыларын қорғау үшін өзін қалқан еткен.
«Ол балаларды құтқару үшін өз денесімен жауып қалған», – деп хабарлайды дереккөздер.
Сондай-ақ 11 жастағы бірнеше оқушы көз жұмды. Оқиғадан кейін Түркия қоғамында үлкен резонанс туындады. Соңғы екі күнде Шанлыурфа және Кахраманмараш қалаларындағы мектептерде болған шабуылдар салдарынан жалпы 9 адам қаза тауып, 36 адам жарақат алған.

Реджеп Тайип Эрдоган қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, жараланғандарға тез сауығып кетуін тіледі. Тергеу барысында күдіктінің әкесі бұрынғы полиция қызметкері Угур Мерсинли де жауап берген.
«Ұлым компьютерлік ойындар ойнайтын. Мен бөлмесіне кіргенде, бәрін жауып қоятын. Бір ай бұрын менен «достарым қарумен атады, мен қашан атып көремін?» деп сұрады. Дүйсенбі күні оны полигонға апарып, бірнеше рет атуға мүмкіндік бердім», - дейді марқұмның әкесі.
Оның айтуынша, қолданылған қарулар өзіне тиесілі болған:
«Менде 7 қару бар, барлығы заңды тіркелген. Тағы екі аңшылық мылтық бар. Ұлым солардың бесеуін алып кеткен», - дейді ол.
Сондай-ақ ол қарулардың бөлек сақталғанын айтты.
«Қару мен оқжатарлар әртүрлі, құлыпталған жәшіктерде сақталған. Бірақ ұлым оларды ашып алған екен», - дейді ол.
Әкесінің сөзінше, жасөспірім интернетті белсенді қолданған.

«Ол өте ақылды болды, ағылшын тілін еркін меңгерген. Бірақ жасөспірімдерге тән күйзеліс, емтиханға байланысты қиындықтар болды», - дейді әкесі.
Соңғы екі айда ол психологқа барып жүрген.
«Психолог оның әлеуметтік бейімделуінде қиындықтар барын айтты. Оны бақылау керек деді. Болашақта психиатр көмегі қажет болуы мүмкін екенін ескертті. Бірақ соңғы уақытта ол психологқа барудан қашқақтай бастады», - деді ол.
Қазір мектептегі қанды шабуылға байланысты тергеу жалғасып жатыр. Түркиядағы кейбір басылымдар шабуыл жасағандардың қатыгез ойындарға, соның ішінде PUBG ойынына әуестігі айтылып жатыр. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.