12.04.2026, 06:21
Әлем

БАҚ: АҚШ пен Иран келіссөздері жексенбі күні де жалғасуы мүмкін

Тараптар жалпы талқылаудан техникалық мәселелерге өтіп, сарапшылар деңгейіндегі диалогты жалғастырып жатыр

БАҚ: АҚШ пен Иран келіссөздері жексенбі күні де жалғасуы мүмкін
Фото: istockphoto.com

Исламабадта өтіп жатқан АҚШ пен Иран өкілдерінің келіссөздері тағы бір күнге созылуы ықтимал, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Tasnim агенттігіне сілтеме жасап.

«Келіссөздердің бір күнге ұзартылуы мүмкін. Тараптар жалпы мәселелер кезеңінен өтіп, кейбір тармақтар бойынша техникалық талқылауларға көшті», – делінген агенттік хабарламасында.

БАҚ мәліметінше, қазір екі тараптың сарапшылары жекелеген мәселелердің егжей-тегжейін зерделеп жатыр.

«Бастапқыда келіссөздер бір күнге жоспарланғанымен, сарапшылар деңгейіндегі талқылауларды жалғастыру үшін оны тағы бір күнге созу ықтималдығы бар. Алайда бұл әзірге түпкілікті шешім емес», – дейді агенттік.

Келіссөздердің басталғаны туралы бұған дейін Al Jazeera хабарлаған еді. Талқылаулар әр тараптың Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шарифпен екіжақты кездесулерінен кейін басталған.

АҚШ делегациясын Джей Ди Вэнс бастап барған. Ал 70-тен астам адамнан тұратын Иран делегациясына Мохаммад Багер Галибаф пен Аббас Аракчи жетекшілік етуде.

Басылымның жазуынша, Тегеран бұған дейін Ливанды бітім шарттарына енгізу және АҚШ санкцияларын алып тастауға кепілдік берілмейінше келіссөз болмайтынын мәлімдегеніне қарамастан, диалог басталып кеткен. Бұл мәселелер талқылау басталғанға дейін шешілді ме, жоқ па, әзірге белгісіз.