Бүгін, 01:18
Әлем

Түркияда жойқын нөсер: бірнеше өңірде су тасқыны болды

Нөсер салдарынан бірнеше өңірде көлік қозғалысы бұзылып, екі адам қаза тапты

Түркияда жойқын нөсер: бірнеше өңірде су тасқыны болды
Фото: Anadolu ajansı

Түркияның оңтүстік және орталық өңірлерінде толассыз жауған нөсер халықтың тұрмысын айтарлықтай қиындатты. Хатай провинциясының Антакья ауданында түнде басталған жауын таңға қарай күшейіп, көшелер мен жолдарды су басты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жол бойына су жиналып, кейбір көліктер қамалып қалған. Оларды өрт сөндіру қызметі эвакуациялады. Зардап шеккен аудандарда суды сору және аумақтарды тазалау жұмыстары басталды.

Күрделі жағдай Османиеде де байқалды. Мұнда нөсер салдарынан көшелерді су басып, көлік қозғалысы бұзылған, ал негізгі жерасты өткелдерінің бірі уақытша жабылды. Су тұрғын үйлерге, коммерциялық нысандарға және ғимараттардың жертөлелеріне кірген. Муниципалдық қызметтер ауа райының қолайсыздығы салдарын жою жұмыстарына кірісті.

Түркияның Отбасы және әлеуметтік қызметтер министрі Махинур Өздемир Гёкташ мемлекеттік органдар төтенше жағдайға жедел әрекет етіп жатқанын мәлімдеді. Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Қадырлы ауданында 2 млн лира (шамамен 22 млн теңге) бөлінген. Алдын ала мәлімет бойынша, 200-ден астам үй, ондаған бизнес нысаны мен көлік зақымданған. Сондай-ақ екі адамның қаза тапқаны хабарланды. Апаттық жұмыстар аяқталғаннан кейін мамандар зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсете бастайды.

Йозгат провинциясының Акдагмадени ауданында Гёнделен аңғарындағы арнаның тасуынан ауыл жолын су басқан. Су тасқыны салдарынан тұрғын үйлер мен шаруашылық құрылыстары зардап шекті. Төтенше қызметтердің жұмысы аяқталған соң жол қозғалысы қайта қалпына келтірілді. Алайда келтірілген шығын көлемі әлі нақтыланбаған. Жергілікті тұрғындар өз күштерімен мүліктерін қорғап, малдарын аман алып қалуға тырысқан.

Билік өкілдері табиғи апаттың салдарын жою жұмыстарын жалғастырып, қолайсыз ауа райы жағдайында тұрғындарды сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырды.