Жаһандық денсаулық ұйымына сын: Аргентина ДДСҰ-дан кетті, АҚШ 260 млн доллар қарызын төлемеді
Аргентина АҚШ-тың ізімен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан мүшеліктен кетті
Аргентина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымындағы (ДДҰ) мүшелігін тоқтатты. Бұл шешім ресми хабарлама жіберілгеннен кейін бір жыл өткен соң, 17 наурыз, сейсенбі күні күшіне енді. Бұл туралы елдің Сыртқы істер министрі Пабло Кирно мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy DW-ге сілтеме жасап.
«Біздің ел денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты екіжақты келісімдер мен өңірлік форумдар арқылы жалғастыра береді. Сонымен қатар денсаулық сақтау саясатына қатысты шешімдерді өз бетінше қабылдау мүмкіндігін және егемендігін толық қорғайды», – деп жазды Кирно X әлеуметтік желісінде.
Дәл бір жыл бұрын Аргентина билігі БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерришке ДДҰ құрамынан шығу ниеті туралы хабарлаған. Ел президенті Хавьер Милей бұл қадамды Covid-19 пандемиясы кезінде ұйым жүргізген саясатпен келіспейтіндігімен түсіндірген.
Осыған ұқсас шешімді Аргентинадан шамамен бір ай бұрын АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі қабылдаған. Ол қаңтардың соңында күшіне енді. Осылайша, 1948 жылы құрылған және 190-нан астам мүшесі бар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан алғаш шыққан ел – Америка Құрама Штаттары болды. Трамп ДДҰ-ны жемқорлыққа, тиімсіздікке және Қытай мен басқа елдердің саяси қысымына жол берді деп айыптаған.
АҚШ ұйымнан ресми шыққаннан кейін 260 млн доллар көлемінде қарыз қалдырды. АҚШ пен Аргентина қабылдаған шешімдерге байланысты ДДҰ басшылығы қызметкерлер санын қысқартып жатыр. Күтілгендей, биылғы жылдың соңына дейін ұйым қызметкерлерінің 25 пайызы жұмыстан босатылуы мүмкін.