Қуаты – 5,5 баллға жеткен: Түркияда тағы да жер сілкінді
Балабақшалар мен мектептер уақытша жабылған
Түркияның орталық бөлігінде магнитудасы 5,5 баллға жеткен жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Түркияның TRT Haber сайтына сілтеме жасай отырып.
Төтенше жағдайлар мен апаттарды басқару басқармасының (AFAD) мәліметінше, жер асты дүмпулері Токат провинциясындағы Никсар қаласы маңында, 6,37 шақырым тереңдікте тіркелген. Жер сілкінісі сондай-ақ Амасья, Сивас және Самсун қалаларында да сезілген.
Токат провинциясының губернаторы Абдуллах Кёклю ғимараттар айтарлықтай зардап шекпегенін мәлімдеген.
«Кейбір мектептердің қабырғалары жарылып, кей жерлерде болмашы зақым бар. Аумақты толық тексереміз. Қорқыныш салдарынан кейбір тұрғындар мен жатақханадағы студенттер дәрігерлерге қаралған. Бұдан өзге алаңдататын мәселе жоқ», – деді Кёклю.
Дереккөз жазғандай, ауыл халқы қорыққаннан көшеге жүгіріп шыққан. Токатта барлық мемлекеттік және жекеменшік мекемелер, соның ішінде мектептер, балабақшалар, арнайы білім беру және оңалту орталықтары бір күнге жұмысын тоқтатты.