Бортта 180-ге жуық адам болған: АҚШ Иранның әскери кемесін жойғанын мәлімдеді
Шри-Ланка қорғаныс ведомствосы 87 теңізшінің мәйіті табылғанын хабарлады
АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет Үнді мұхитында Иранның соғыс кемесіне торпедалық соққы жасалып, оның суға батып кеткенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ВВС жазғандай, Пентагон кеменің атын нақтыламаған. Алайда Шри-Ланканың Әскери-теңіз күштері бұған дейін Иранның IRIS Dena жойғыш кемесі батқанын хабарлаған болатын. Шри-Ланка қорғаныс ведомствосының хабарлауынша, 87 теңізшінің мәйіті табылды.
Борт құжаттарына сәйкес, кемеде 180-ге жуық адам болуы мүмкін. Қалған теңізшілерді іздестіру жалғасуда, 32 адам аман қалды, олардың ирандық әскерилер екені расталды.
Оқиға Шри-Ланканың Галле қаласынан оңтүстікке қарай 75 шақырым жерде болған. Шри-Ланка тарапы іздестіру-құтқару жұмыстарын халықаралық міндеттемелер аясында жүргізіп жатқанын, бірақ кеменің бату себебін әзірге ресми растамайтынын хабарлады. Соққы негізгі ұрыс аймағы саналатын Ормуз бұғазынан 2500 миль қашықтықта жасалған.
IRIS Dena — Иранда жасалған «Маудж» класындағы заманауи жойғыш кеме. Ол 2021 жылы пайдалануға берілген, ирандық өндірістің зениттік және зымыран кешендерімен жабдықталған. Кеме ақпан айында Үндістанда өткен халықаралық флот шеруінен қайтып келе жатқан.
Бұған дейін АҚШ-тың аймақтағы күштерінің қолбасшысы адмирал Брэд Купер америкалық әскерилердің мақсаты Иранның «бүкіл флотын» істен шығару екенін және қазірдің өзінде 17 кеменің жойылғанын айтқан еді.