«Саусақ шошайтпаңыздар»: АҚШ өзіне тағылған айыпты жоққа шығарды
Пентагон Ирандағы қыздар мектебіндегі қайғылы оқиғаға қатысты алғаш рет мәлімдеме жасады.
АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілдері соғыстың алғашқы күні Ирандағы қыздарға арналған бастауыш мектепке әуе соққысын шынымен АҚШ жасау ықтималдылығына қатысты мәселенің әлі анықталып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
The New York Times басылымының жазуынша, бұл соққы АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери науқаны кезіндегі ең қантөгісті шабуылдардың бірі болған. Кем дегенде 175 адам қаза тапқан, олардың басым бөлігі – балалар.
Сәрсенбі күні өткен брифингте Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитке журналистер: «АҚШ шынымен мектепке әуе соққысын жасады ма?» деген сұрақ қойды.
«Біздің білуімізше, жоқ. Қорғаныс министрлігі бұл оқиғаны тексеріп жатыр. Америка Құрама Штаттарының қылмыстық иран режимінен айырмашылығы – азаматтық нысандарға соққы жасамайды. Сондықтан бейбіт тұрғындарға жасалған шабуыл туралы айтқанда, АҚШ-қа саусақ шошайтпағандарыңыз жөн. Өйткені біздің қарулы күштер мұндай әрекетке бармайды», — деп жауап берді Ливитт.
Пентагонда өткен баспасөз брифингінде АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсетке де осы әуе соққысы туралы сұрақ қойылды.
«Айтарым, біз бұл мәселені зерттеп жатырмыз. Біз, әрине, ешқашан азаматтық нысандарға соққы жасамаймыз. Бірақ бұл жағдайды тексеріп жатырмыз», — деді Пит Хегсет.
Әуе соққысы Минаб атты шағын қалада орналасқан «Шаджаре Тайебех» мектебіне жасалған. Сейсенбі күні қала көшелеріне мыңдаған адам шығып, қаза тапқандарды соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне қатысты.
БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі агенттігі – ЮНЕСКО әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде мектептегі «оқушылардың қаза табуын» халықаралық гуманитарлық құқық бойынша мектептерге берілетін қорғауды өрескел бұзу деп бағалады.