Испания мигранттарға талапты жеңілдетті
Кемінде бес ай тұрған мигранттар заңды елде тұруға рұхсат ала алады
Испания үкіметі мигранттарға елде заңды тұруға рұқсатты алу жолын жеңілдетті. Алдын ала есеп бойынша, жарты миллион адам құжат тапсыруы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ВВС хабарлағандай, Испанияда тұруға ресми мәртебе алу үшін мигрант кемінде бес ай елде тұрған және бұрын сотталмаған болуы керек. Құжат тек бір жылға беріледі.
Испан билігі өтініштерді қабылдауды сәуір айынан бастап үш ай бойы жүргізуді жоспарлап отыр.
Миграция мәселелері жөніндегі министр Эльма Саис RTVE телерадиокомпаниясына берген сұхбатында заңдастырудан кейін мигранттар Испанияның кез келген өңірінде және кез келген салада жұмыс істей алатынын айтты. Ол еңбек миграциясы Испания экономикасы үшін қажет екенін атап өтіп, үкіметтің бұл шешімі елде іс жүзінде тұрып жатқан адамдардың «бар екенін мойындау» екенін жеткізді.
Испания Ұлттық статистика институтының соңғы деректеріне сәйкес, бүгінде елдегі әрбір жетінші тұрғын - иммигрант. Испания халқы 49,4 миллион болса, олардың 7 миллионнан астамы - шетелдіктер. Олардың басым бөлігі елде заңды негізде тұрып жатыр.