$ 519.61  610.13  6.54
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Орталық Азия+Жапония» саммиті: Жапония үкіметінің ең алғашқы әйел басшысы Санаэ Такаичи кім

Токиода Орталық Азияның бес мемлекеті жиналып, саммитке қатысады 

«Орталық Азия+Жапония» саммиті: Жапония үкіметінің ең алғашқы әйел басшысы Санаэ Такаичи кім
Фото: Cabinet Secretariat, CC BY 4.0, via Wikimedia Commons

Жапония үкіметі 19-20 желтоқсанда Токиода Орталық Азияның бес мемлекетімен саммит өткізеді. Оған ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады. Мемлекет басшысы Жапонияның жаңа көшбасшысы Санаэ Такаичимен кездеседі. Осы ретте Azattyq Rýhy тілшісі Жапонияның ең алғашқы әйел премьер-министрі Санаэ Такаичидің тұлғасына шолу жасады.

Санаэ Такаичи кім

2025 жылғы 21 қазанда Жапония тарихында алғаш рет әйел адам премьер-министр болып сайланды. Санаэ Такаичи парламент мүшелерінің қолдауымен Либералды-демократиялық партияның оң қанатының өкілі ретінде жаңа үкіметті басқаруға кірісті. 64 жастағы саясаткер Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Маргарет Тэтчерді үлгі тұтады. Оның бейресми «Темір ханым» деген аты бар. Такаичи дәстүрлі құндылықтарды қолдайды, иммиграция, әлеуметтік саясат және қорғаныс салаларында қатал консервативті позиция ұстанады.

Әке-шешесі кім және балалық шағы қалай өтті

Санаэ Такаичи 1961 жылы Нара префектурасында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі автокәсіпорында, шешесі полицияда жұмыс істеген. Үйдің үлкен баласы ретінде жастайынан ата-анасына қолғабыс етіп, бауырын бағып өскен. 2004 жылы Таку Ямамотомен шаңырақ көтереді. Күйеуінің бұрынғы некесінен туған үш баланы асырап алған. Отбасы оның өмірінде маңызды рөл атқарады.

Білімі мен қызығушылықтары

Такаичи Кобе университетінде бизнес-әкімшілік мамандығын тәмамдаған. Кейін Мацусита мемлекеттік басқару және менеджмент институтында білімін жетілдірді. Университетке күнделікті мотоциклмен қатынап, өз күшімен оқуын бітірген. Бала күнінен музыкаға, әсіресе хэви-металға қызыққан. Барабаншы болып өнер көрсеткен, Iron Maiden және Deep Purple топтарының жанкүйері. Қазіргі уақытта да үйінде электронды барабан жиынтығы бар. Сонымен қатар дайвинг және автокөліктерге қызығушылық танытады, оның сүйікті Toyota Supra көлігі Нарадағы музейде тұр.

Саясатқа келу жолы

1980-жылдардың соңында Такаичи АҚШ Конгресінде тағылымдамадан өтіп, Патрисия Шредердің кеңсесінде жұмыс істейді. Ол осылайша Жапонияның халықаралық саясаттағы орнын түсінгісі келеді. Елге оралған соң заңнамалық талдау жасаумен айналысып, уақытша телеарнада жүргізуші қызметін атқарған.

1992 жылы алғаш рет парламентке кандидат болып тіркеліп, жеңіліс табады. Келесі жылы депутат болып сайланып, 1996 жылы Либералды-демократиялық партияның қатарына қосылды. Сол уақыттан бастап ол 10 рет депутаттыққа сайланып, партия ішінде консервативтік көзқарасымен танылды. 2003 жылы мандатынан айырылып, уақытша саясаттан алыстады. 2005 жылдан бастап Такаичи Парламентке қайтып келді. Синдзо Абэ үкіметінде бір мезгілде бірнеше министрлікті басқарды.  2014-2017 жылдары ішкі істер және коммуникациялар министрі болды, 2021-2022 жылдары экономикалық қауіпсіздік министрі қызметін атқарды. 2012 жылы партия ішіндегі саяси зерттеу кеңесін басқарған.

Премьер-министрлік қызметі мен бағыты

2021 жылы Такаичи ЛДП жетекшісі болуға талпынып, сайлауға түсті. Алайда ол жеңіліп, Фумио Киси сайланды. 2025 жылы ЛДП жетекшісі атанды. Парламенттің ратификациясынан кейін ол Жапония тарихындағы алғашқы әйел премьер-министр болып сайланды.

Санаэ Такаичи саяси тұрғыдан консервативтік ұстанымды қолдайды. Ол иммиграцияны шектеуді, Жапонияның қарулы күштерін нығайтуды және әлеуметтік жүйені тұрақты түрде сақтап қалуды маңызды деп есептейді. Экономикалық салада Такаичи бұрынғы премьер-министр Синдзо Абэ стратегиясына негізделген «Абэномика» тәсілін қолдануға тырысады, яғни мемлекеттік шығындар мен салықтық жеңілдіктер арқылы экономиканы қолдау және құрылымдық реформаларды жүзеге асыру арқылы елдің даму жолын қамтамасыз етуге ұмтылады. Сарапшылар жаңа премьер-министрді халықаралық деңгейде де маңызды сынақтар күтіп тұрғанын айтады. АҚШ, Қытай, Солтүстік Корея және көрші елдермен дипломатиялық қатынасты нығайту, сондай-ақ қауіпсіздік мәселелерінде тиімді саясат жүргізу оның алдағы басты міндеттері болып отыр.

Серіктес жаңалықтары