БҰҰ алғаш рет түркі тілдерінің Дүниежүзілік күнін атап өтеді
15 желтоқсанда халықаралық қауымдастық алғаш рет түркі тілдерінің дүниежүзілік күнін атап өтеді
Бұл туралы БҰҰ таратқан ақпаратта айтылды. Аталған шешім қараша айында Самарқанд қаласында өткен БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі мамандандырылған мекемесі ЮНЕСКО-ның Бас конференциясында қабылданған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұйым өкілдері бұл бастаманы адамзаттың ортақ мұрасын байытатын тілдік әртүрлілікті мойындау жолындағы маңызды қадам деп бағалап отыр.
Ақпаратқа сәйкес, 15 желтоқсан күнінің таңдалуы да символдық мәнге ие. Дәл осы күні, 1893 жылы, дат лингвисі Вильгельм Томсен ең көне жазба дереккөздердің бірі саналатын Орхон жазбаларының құпиясын ашқанын жариялаған.
ЮНЕСКО дерегінше, түркі тілдер тобына жататын әзербайжан, қазақ, қырғыз, түрік, түрікмен және өзбек тілдері шамамен 12 миллион шаршы шақырым аумақта өмір сүретін 200 миллионнан астам адамның ана тілі.
Түркі тілдерінің дүниежүзілік күнін белгілеу бастамасын Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан қозғаған. Бұл ұсынысты барлығы 21 мемлекет қолдаған.