Алматыда әйелін балаларының көзінше пышақтап өлтірген полицей сотталды

Марқұмның туыстары сот шешімімен келісті

Алматыда әйелін балаларының көзінше пышақтап өлтірген полицей сотталды
Фото: istockphoto.com

Алматыда бұрынғы полиция қызметкеріне азаматтық некедегі әйелін өлтіргені үшін сот үкімі шықты. Ол әйеліне пышақпен 39 рет соққы жасаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК  телеарнасына сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, Алматыда азаматтық некедегі әйелін өлтіргені үшін кінәлі деп танылған бұрынғы полиция қызметкеріне сот үкімі шығарылды. Сот оны 15 жылға бас бостандығынан айырды.

Ер адам әйеліне пышақпен 39 рет жарақат салған. Қылмыс балалардың көз алдында болған. Олардың үш баласы бар.

Бұрынғы полицей қылмысты аффект жағдайында жасағанын және не істегенін тек ауруханада ғана түсінгенін айтқан. Алайда полиция қызметкерлерінің айғақтарына сүйенген сот оның бұл уәжіне сенбеді.

Бұрынғы тәртіп сақшысы аса қатыгездікпен адам өлтіргені үшін кінәлі деп танылды. Сондай-ақ оған марқұмның отбасына моральдық зиянды өтеу үшін 10 млн теңге төлеу міндеттелді. Қаза тапқан әйелдің туыстары сот үкіміне көңілі толатынын жеткізді.

«Сот үкіміне ризамын. Өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған едім. Аллаға шүкір, осының өзіне де рақмет! Енді оны Алла жазаласын. Балалары аман-есен, дені сау болсын», – деді марқұмның туыстарының бірі журналистерге.

Еске салайық, осыдан бір жарым жыл бұрын Алматыда болған қатыгез кісі өлтіру оқиғасы қоғамды дүр сілкіндірді. Тергеу нұсқасы бойынша, ерлі-зайыптының арасында жанжал туындап, соңы пышақтасуға ұласқан. БАҚ-та жарияланған мәліметтерге сүйенсек, әйел Ұзынағаш ауылындағы балабақшаның директоры болған. Ал оның күйеуі Алматы облысы Полиция департаментінде қызмет еткен, бірақ теріс себептермен жұмыстан босатылған. Ерлі-зайыпты үш бала тәрбиелеп отырған.

Соңғы сот отырысында тараптар жарыссөз өткізді. Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 18 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.