«Ипотека рәсімдеп беремін»: Астанада екі әйел алаяқтық жасады деген күдікке ілінді
Күдіктілердің бірі ипотека рәсімдеуге, екіншісі мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер алып беруге уәде еткен
Астанада полицейлер ипотека рәсімдеуге көмектесемін деп уәде берген екі әйелді алаяқтық жасады деген күдікпен ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елордалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Бірінші жағдайда елорда тұрғыны 33 жастағы әйел таныстарына ипотека рәсімдеуге көмектесуді ұсынған.
«Оның уәдесіне сенген азаматтар әйелге ақша берген. Осыдан кейін ол хабарсыз кеткен. Келтірілген шығын көлемі 3,2 млн теңгені құрады», – деп мәлімдеді Астана қаласының Полиция департаменті.
Екінші жағдайда 62 жастағы әйел мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алып беруге уәде етіп, азаматтардың ақшасын иемденген. Осы деректердің бірінде келтірілген шығын көлемі шамамен 3 млн теңге болған.
«Екі дерек бойынша да қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», – деп нақтылады ведомство.
Полиция азаматтарды сақ болуға және ипотеканы тез рәсімдеп немесе баспана алып беруге уәде ететін адамдарға сенбеуге шақырады. Ақша бермес бұрын ұсынылған ақпараттың шынайылығын мұқият тексеріп, күмәнді делдалдарға сенбеу қажет.