Ақтауда «жүктімін» деп өтірік айтқан әйел қамауға алынды
Мас күйінде көлік жүргізген әйел жазадан құтылу үшін сотқа жүктілігі туралы жалған медициналық анықтама ұсынған
Ақтауда алкогольдік ішімдік ішіп, көлік жүргізген әйел соттан жазаны жеңілдету үшін жүктілігі туралы жалған медициналық анықтама ұсынған. Кейін құжаттың қолдан жасалғаны анықталып, әйел 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Маңғыстау облысының прокуратурасына сілтеме жасап.
Көлікті мас күйінде басқарғаны үшін заңнамада 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және жеті жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айыру көзделген.
Істі қарау барысында әйел сотқа өзінің жүкті екенін растайтын медициналық анықтама ұсынған. Осы құжаттың негізінде сот оны әкімшілік қамақтан босатып, жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырған.
Алайда кейін Ақтау қаласының прокуратурасы тексеру жүргізіп, сотқа ұсынылған медициналық анықтаманың жалған екенін анықтады.
Прокурордың наразылығы бойынша Маңғыстау облыстық соты бірінші сатыдағы соттың қаулысын өзгертіп, әйелге 15 тәулік әкімшілік қамақ жазасын тағайындады.
Сонымен қатар медициналық құжатты қолдан жасау және оны пайдалану фактісі бойынша медицина қызметкері мен әйелге қатысты Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.