Жаңаөзенде мұнай-газ кәсіпорнының жабдығын ұрлаған алты қылмыс ашылды
Күдікті кәсіпорын мүлкін ұрлаудың алты дерегіне қатысы бар деген күдікке ілінді
Жаңаөзен полицейлері мұнай-газ кәсіпорны жабдықтарының ұрлануына қатысты бірден алты деректі тексеріп жатыр. Бірнеше ұрлық жасады деген күдікпен ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бастапқыда полицияға Теңге ауылында орналасқан ұңғымадан екі шиберлі ысырманың ұрланғаны туралы хабар түскен. Ұрланған жабдықтың құны 1,5 млн теңгеден асады.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер күдіктіні анықтады. Одан әрі тексеру кезінде оның осыған ұқсас бірқатар ұрлыққа қатысы болуы мүмкін екені белгілі болды. Жалпы ер адам кәсіпорын мүлкін ұрлаудың алты дерегіне қатысы бар деген күдікке ілінді», – делінген хабарламада.
Аталған деректер бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазір құқық қорғау органдары ұрланған жабдықтардың қайда екенін анықтап, басқа адамдардың да бұл қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Тергеу жалғасуда.
«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық тетіктерді нығайтуға, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруға және заңдарды қатаң сақтау ұлттық бірегейліктің негізіне айналатын қоғам құруға бағытталған іргелі саяси қағидаты.