Астанада жол ережесін 306 рет бұзған жүргізуші қамауға алынды
Жүргізуші бір жылға жетпей жол ережесін 306 рет бұзған
Астанада Hyundai Palisade көлігінің 25 жастағы жүргізушісі 2026 жылы жол қозғалысы ережесін 306 рет бұзғаны анықталғаннан кейін 10 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорда прокуратурасына сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, оның 169 заңбұзушылығы жылдамдықты асыруға қатысты болса, тағы 134 жағдайда жүргізуші қоғамдық көлікке арналған жолаққа шыққан.
Сонымен қатар 3 мамырда бейнебақылау камералары ер адамның Ұлы дала даңғылымен сағатына 137 шақырым жылдамдықпен жүргенін тіркеген.
Сот оның әрекетін ұсақ бұзақылық деп саралап, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады.
Прокуратура мұндай тәжірибе жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде өрескел бұзатын жүргізушілерді жауапкершілікке тарту мақсатында прокуратура мен полицияның бірлескен жұмысы аясында қолданылатынын атап өтті.
Астана прокуратурасы жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға және жол қозғалысының басқа қатысушыларының қауіпсіздігін ескеруге шақырды.