ШҚО-дағы коммуналдық кәсіпорыннан миллиондаған теңгенің заңбұзушылығы анықталды
Мемлекетке 11,3 млн теңге шығын келтіріліп, оның 5,5 млн теңгесі қайтарылды
Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы коммуналдық кәсіпорынның жұмысынан заңсыз төлемдер, негізсіз сыйақылар мен жалған іссапарлар анықталды. Мемлекетке келтірілген шығын 11,3 млн теңгені құрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ШҚО прокуратурасының мәліметінше, «Ұлан-Вет» ШЖҚ КМК қызметін тексеру барысында еңбек және бюджет заңнамасының, бухгалтерлік есеп жүргізу ережелері мен еңбекті қорғау талаптарының бұзылғаны анықталған.
«Атап айтқанда, жалақыны заңсыз есептеу, қызметкерлерге негізсіз сыйақы беру, белгісіз төлемдер жасау, жалған іссапар шығындарын рәсімдеу, сондай-ақ ОСВВ бағдарламасын (жануарларды аулау, зарарсыздандыру, вакцинациялау және кері жіберу) іске асыру кезінде заңбұзушылықтар анықталды», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар кәсіпорын қызметкерлері қажетті жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілмеген. Қауіпсіздік техникасы бойынша міндетті оқудан өтпеген адамдар жұмысқа жіберілген. Бұл қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген.
Прокурорлық қадағалау нәтижесінде бес лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, тағы екі басшы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бүгінде мемлекет кірісіне 5,5 млн теңге қайтарылды.
«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық тетіктерді нығайтуға, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға және заңдарды қатаң сақтау ұлттық бірегейліктің негізіне айналатын қоғам құруға бағытталған іргелі саяси қағидаты.