«Есірткі жасырғаны үшін 2 мың теңге алған»: Таразда есірткі тасымалдаушыға үкім шықты
Ер адамға рақымшылықты ескере отырып, 4 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды
Тараз қаласының №2 соты психотроптық заттарды жасырын орындар арқылы таратқан ер адамға үкім шығарды. Ол әрбір «жасырма» үшін криптовалюта әмиянына 2 мың теңгеден алып отырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылдың желтоқсанында ер адам Telegram арқылы белгісіз куратормен байланысып, есірткі таратуға келіскен. Ол жасырын орындардан орамаларды алып, Тараздағы басқа жерлерге жасырып отырған.
2026 жылдың ақпанында ер адам Алматыдан α-PVP салынған 37 зип-пакеті бар ораманы алып, Таразға жеткізген. Шаңырақ алқабындағы жасырын орынға орамалардың бірін қалдырғаннан кейін оны полицейлер ұстаған. Тінту кезінде одан 11,58 грамм психотроптық зат тәркіленді.
Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігінің санкциясы мүлкін тәркілей отырып, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Прокурор рақымшылық туралы заңды ескере отырып, ер адамға 5 жыл 4 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
«Сот ер адамды алдын ала сөз байласқан адамдар тобының аса ірі мөлшердегі психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз иемденуі және сақтауы бойынша кінәлі деп таныды. Оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Рақымшылық туралы заңды ескере отырып, түпкілікті жаза 4 жыл 8 ай бас бостандығынан айыруды құрады», – деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.