Ер адам түнде тұрғын үйдің маңында бірнеше рет отшашу атқан
Астанада түнгі уақытта тұрғын үйдің маңында пиротехникалық бұйымдарды іске қосқан елорда тұрғыны бес тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, оқиға 4 қыркүйек күні шамамен сағат 00:03-те болған. С. есімді азамат қоғамдық орында бірнеше рет пиротехникалық бұйымдарды іске қосып, қатты дыбыс пен жарық әсерін тудырған.
Сот ер адамның бұл әрекетімен қоғамдық тәртіпті және азаматтардың тыныштығын бұзғанын анықтады. Ол кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінген. Құқық бұзушылықтың мән-жайы бейнежазбамен де расталды.
Сот ер адамды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша кінәлі деп танып, бес тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық тетіктерді нығайтуға, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға және заңды қатаң сақтау ұлттық бірегейліктің негізіне айналатын қоғам құруға бағытталған іргелі саяси қағидаты.