Алматыда аса ірі көлемдегі есірткімен екі жасөспірім ұсталды (ВИДЕО)
Жасөспірімдердің бірінен шамамен 300 грамм ұнтақ тәрізді зат табылған
Алматыда есірткіні сату мақсатында сақтады және тасымалдады деген күдікпен екі кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жасөспірімдерді есірткінің заңсыз айналымына тартудың жолын кесу жұмыстары аясында ұстау операциясын Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізген.
Жасөспірімдердің бірінен салмағы шамамен 300 грамм болатын ұнтақ тәрізді зат салынған орама табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, тәркіленген зат мефедрон болуы мүмкін.
Түрксіб аудандық полиция басқармасында қылмыстық іс қозғалды. Тағайындалған сараптама тәркіленген заттың нақты түрі мен салмағын анықтайды.
Алматы полициясы кәмелетке толмағандарды есірткінің заңсыз айналымына тарту арналары мен оған қатысы бар тұлғаларды анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Тергеу жалғасуда.