Түркиядан ұшып келген Астана тұрғыны 10 тәулікке қамалды: себебі белгілі болды

Ер адам ұшақ бортында жанжал шығарып, полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбаған

Түркиядан ұшып келген Астана тұрғыны 10 тәулікке қамалды: себебі белгілі болды
Фото: © istockphoto.com

Анталия – Астана бағытындағы рейстің жолаушысы ұшақ бортында жанжал шығарып, полиция қызметкерлерінің талабына бағынбағаны үшін 10 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Ұшақ қонбай тұрып-ақ жолаушылардың бірі борттағы тәртіпті бұза бастаған. Мас күйде болған ер адам агрессивті мінез көрсетіп, балағат сөздер айтып, басқа жолаушыларға кедергі келтірген.

Ұшақ Астана әуежайына қонғаннан кейін жолаушы көліктегі полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Тексеру барысында тәртіп бұзушының елорданың 44 жастағы тұрғыны екені анықталды.

Алайда ұшақ қонғаннан кейін де жанжал жалғасқан. Полиция бөлмесіне жеткізу кезінде ер адам қызметкерлердің заңды талаптарын орындаудан бас тартып, оларға бағынбаған. Соның салдарынан полицейлер қол кісенін қолдануға мәжбүр болды.

Тексеру қорытындысы бойынша ер адам алкогольдік ішімдік ішкені немесе қоғамдық орынға мас күйде келгені үшін жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар ұсақ бұзақылық және құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау фактілері бойынша материалдар сотқа жолданды.

Сот ер адамды кінәлі деп танып, оған 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады.

«Әуе кемесінің бортында тәртіп сақтау – ең алдымен барлық жолаушы мен экипаждың қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Экипаждың жұмысына кедергі келтіретін немесе айналадағы адамдарға қауіп төндіретін кез келген әрекеттің салдары ауыр болуы мүмкін», – деп ескертті Көліктегі полиция департаменті.

Полиция өкілдері ұшу қауіпсіздігі тек экипаж бен әуежай қызметкерлеріне ғана емес, әр жолаушының іс-әрекетіне де байланысты екенін атап өтті.