Полицейлер күдіктіден және бірнеше жасырын орыннан екі келіге жуық синтетикалық есірткі тәркіледі
Алматыда полицейлер ірі көлемдегі синтетикалық есірткі мен жүздеген дайын «жасырын орынды» анықтады. Тергеу мәліметінше, ұсталған азамат интернет арқылы есірткі таратумен айналысқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, арнайы операцияны Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Түрксіб аудандық полициясымен бірлесіп жүргізген. Ер адам есірткі өткізді деген күдікпен ұсталды.
Күдіктінің автокөлігін тінту кезінде жедел қызметкерлер синтетикалық есірткіге ұқсас зат салынған 135 ораманы тапты. Ұсталған жерге жақын маңдағы жасырын орыннан тағы 35 орама тәркіленді.
Кейін күдіктінің тұрғылықты мекенжайында жүргізілген тінту барысында есірткі, электронды таразы және орауға арналған материалдар табылды. Бұдан бөлек, Алматы облысында жедел уәкілдер тағы екі келіге жуық синтетикалық затты тәркілеп, Алматы аумағындағы тағы бір жасырын орынды жойды.
«Алдын ала мәлімет бойынша, ұсталған азамат интернет арқылы есірткі тарататын дүкенде жұмыс істеген. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды», – деп мәлімдеді полиция.