Вьетнамнан экстрадицияланды: Бас прокуратура Қайсар Қамза ісіне қатысты тың мәліметтерді жариялады

Қайсар Қамза заңсыз онлайн-казиноны жарнамалау ісі бойынша ұсталды. Тергеу мәліметінше, ол жарнама жасағаны үшін криптовалюта түрінде шамамен 200 мың доллар алған

Вьетнамнан экстрадицияланды: Бас прокуратура Қайсар Қамза ісіне қатысты тың мәліметтерді жариялады
видеодан скриншот

Халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық азамат Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланды. Ол заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға жәрдемдесті деген күдікке ілінген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Бас прокуратура мен Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері Қазақстанның Вьетнамдағы елшілігінің қолдауымен күдіктіні елге қайтарды. Ол Қазақстан ІІМ Интерпол ұлттық орталық бюросының сұрауы бойынша Вьетнамда ұсталған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, 2025 жылдың қаңтарында күдікті көпшілік оқырманы бар әлеуметтік желідегі парақшалары мен мессенджерлер арқылы заңсыз интернет-казиноны ақылы түрде жарнамалап, қазақстандықтарды құмар ойындарға тартқан.

«Интернет-казиноны жарнамалағаны үшін оның криптовалюта әмиянына шамамен 200 мың АҚШ доллары түскен», – деп мәлімдеді Бас прокуратура.

Тергеу мәліметінше, 2021–2025 жылдары қылмыстық топ бірнеше заңсыз онлайн-казиноның жұмысын ұйымдастырып, төлем терминалдары арқылы 106 млрд теңгеден астам заңсыз табыс тапқан.

Қадағалау органының мәліметінше, бұл іс бойынша тоғыз күдікті қамауда отыр, ал қалғандары, оның ішінде экстрадицияланған азамат та халықаралық іздеуге жарияланған.

Экстрадиция рәсімі аяқталғаннан кейін күдікті Қазақстанға жеткізіліп, тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған айып бойынша жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған.

Бұған дейін журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында экстрадицияланған адамның блогер Қайсар Қамза екенін хабарлаған. Оның айтуынша, оқырмандар Камрань әуежайынан түсірілген фотоларды жолдаған. Онда блогердің Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерімен бірге Қазақстанға жеткізіліп бара жатқаны көрінеді.

Козачковтың мәліметінше, Қайсар Қамза Instagram желісінде екі миллионнан астам оқырман жинап, кейін Қазақстанда тыйым салынған онлайн-казиноны жабық Telegram-арнасы арқылы жарнамалаған.

Алайда Қазақстанның Бас прокуратурасы экстрадицияланған адамның жеке басын ресми түрде жариялаған жоқ.

Еске салайық, 2026 жылдың басында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті танымал блогер Қайсар Қамзаны іздеуге жариялаған болатын.

1995 жылы туған Қайсар Қамзаға қатысты іздестіру ісі 2026 жылғы 10 қаңтарда Астана қаласында тіркелді.

Іздестіруге Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі бастамашы болса, жедел-іздестіру іс-шараларын Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізді.