«72 рет пышақ тығар едім»: Нұрай Серікбайға қатысты сұмдық пікір жазған ер адам істі болды
Құқық бұзушыға 20 айлық есептік көрсеткіш (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін
Әлеуметтік желіде кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайға қатысты ауыр сипатта пікір қалдырған азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Марқұмның туған-туыстарының құқығын қорғап жүрген адвокат Аянхан Омаровтың мәліметінше, @dkraken9 аккаунтының иесіне қатысты құқық қорғау органдары Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған.
Іс алдағы уақытта сотта қаралады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, құқық бұзушыға 20 айлық есептік көрсеткіш (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
«Нұрайға қатысты «72 рет пышақ тығар едім» деп жария түрде пікір қалдырған аккаунт иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Яғни, әлеуметтік желіде құқыққа қайшы контент жариялағаны үшін әкімшілік жауаптылық мәселесі қаралады. Бұл іс әлеуметтік желіде жазылған пікірлердің де құқықтық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін көрсетеді. Істің барысы туралы қосымша ақпаратпен бөлісетін боламын. Себебі аталған тұлғаның осыған ұқсас өзге де пікірлер қалдырғаны анықталды», – деді адвокат Аянхан Омаров.