Ақтөбеде үш жігіт 2 миллион теңге бопсалады деген күдікпен ұсталды
Алдын ала мәлімет бойынша, олар 2025 жылдың соңында жәбірленушінің ұялы телефонын тартып алған
Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, құқық қорғау органдарына жәбірленуші арызданып, бірнеше адамның қорқытып, өзінен 2 миллион теңге талап етіп жүргенін айтқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктілер анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша, олар 2025 жылдың соңында жәбірленушінің ұялы телефонын тартып алған. Кейін сол жағдайды пайдаланып, одан тағы 2 миллион теңге талап еткен.
Күдіктілер ақшаны алып жатқан сәтте полиция қызметкерлері оларды қылмыс үстінде ұстаған. Аталған дерекке байланысты Қылмыстық кодекстің бопсалау бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сондай-ақ күдіктілердің бірінің үйіне жүргізілген тінту барысында травматикалық тапанша, пышақ және 16 калибрлі аңшылық мылтыққа арналған оқ-дәрі тәркіленді.
Тәркіленген заттарға сараптама тағайындалып, оның қорытындысына сәйкес заңды тұрғыда баға берілетін болады.