Тергеу дерегіне сәйкес, күдіктілер заңсыз жолмен 15 келі алтын өндірген
Шығыс Қазақстан облысында заңсыз алтын өндірген қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, жер қойнауын пайдалану заңнамасының сақталуын бақылау аясында прокуратура Ұлттық қауіпсіздік комитеті, полиция департаменті және Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп, бағалы металдарды заңсыз өндірген топтың әрекетін әшкерелеген.
Тергеу барысында 2025 жылдың маусым айында Үлкен және Кіші Шыбынды өзендерінің аңғарында заңсыз алтын өндірумен айналысқан шетел азаматтары ұсталды. Олардың қолынан арнайы техника, өндірістік жабдықтар, құрамында алтыны бар кен және ірі көлемдегі ақша тәркіленді. Анықталғандай, облыс тұрғындары мен Қытай Халық Республикасының азаматтары 2024-2025 жылдары Ұлан ауданы аумағындағы мемлекеттік орман қоры жерінде заңсыз алтын өндіруді ұйымдастырған. Соның салдарынан табиғатқа елеулі экологиялық зиян келтірілген.
Қылмыстық іс сотқа жолданып, мемлекеттік айыптаушы жер қойнауын заңсыз пайдаланғанын дәлелдейтін айғақтарды ұсынды. Тергеу дерегіне сәйкес, күдіктілер заңсыз жолмен 15 келі алтын өндірген. Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 766 миллион теңгені құрады.
Мемлекеттік айыптаушы соттан жасалған қылмыстың ауырлығы мен қоршаған ортаға келтірілген залалды ескеріп, тиісті жаза тағайындауды сұрады.
Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2026 жылғы 21 шілдеде сотталушыларды аса ірі көлемде бағалы металдарды заңсыз өндіргені үшін кінәлі деп танып, оларды әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырды.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.