Павлодардағы матчтан кейін жанкүйерлер жауапқа тартылды
Матч алдында қоғамдық тәртіпті бұзған төрт жанкүйердің әрқайсысы 60 550 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді
Павлодарда футбол матчы алдында қоғамдық тәртіпті бұзған төрт жанкүйер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Павлодар қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты анықтағандай, 2026 жылғы 28 маусымда сағат 16:45 шамасында ер адамдар Орталық стадион маңында футбол матчы басталар алдында қоғамдық орында болған. Олар өзге жанкүйерлермен бірге әдейі көзге түсетін әрекеттер жасап, ұрандар айтып, түтін шашкаларын қолданып, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзған.
Сот отырысында төрт азаматтың барлығы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Олардың сөзінше, олар футбол матчын тамашалауға өзге жанкүйерлермен бірге барған. Сол кезде топтағы адамдар пиротехникалық құралдарды пайдаланып, ұрандар айтқан.
Сот әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаларды, бейнежазбаларды және өзге де дәлелдерді зерделеп, әрбір құқық бұзушының кінәсі толық дәлелденген деген қорытындыға келді. Олардың әрекеті ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі («Ұсақ бұзақылық») бойынша дұрыс сараланған.
Жаза тағайындау кезінде сот кінәні мойындауын, өкінуін, жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын және құқық бұзушылықтың алғаш рет жасалғанын ескерді.
Аталған баптың санкциясында 20 АЕК мөлшерінде айыппұл, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе әкімшілік қамақ көзделген. Алайда сот ҚР ӘҚБтК-нің 829-11-бабының 2-бөлігіне сүйеніп, айыппұл мөлшерін 30 пайызға қысқартты.
Нәтижесінде төрт құқық бұзушының әрқайсысына 60 550 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Сот қаулылары заңды күшіне енді.
«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық тетіктерді нығайтуға, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға және заңды қатаң сақтау ұлттық құндылыққа айналатын қоғам құруға бағытталған негізгі саяси ұстанымы.