Арнайы операция кезінде тәртіп сақшылары жеткізу тізбегін анықтап, бұл заттың ірі көлемде сақталған қоймасына да шықты
Алматыда қарапайым курьерлік жеткізу полицияның ауқымды арнайы операциясына ұласты. Тапсырысты жеткізуге шыққан курьердің көлігін тексеру барысында халық арасында «күлдіргіш газ» аталып кеткен азот тотығы толтырылған баллондар анықталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы қалалық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында азот тотығы толтырылған баллондарды тасымалдап жүрген курьерді ұстады. Кейін тәртіп сақшылары жеткізу тізбегін анықтап, бұл заттың ірі көлемде сақталған қоймасына шыққан. Арнайы операция нәтижесінде заңсыз айналымнан әртүрлі көлемдегі 685 баллон, сондай-ақ оларды толтыруға арналған арнайы жабдық тәркіленді.
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір полицейлер заңсыз зат айналымын ұйымдастырған адамдарды, сондай-ақ оны жеткізу мен өткізудің толық тізбегін анықтау бағытында тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Полиция азаматтарды денсаулыққа қауіпті әрі заңсыз айналымдағы мұндай заттарды пайдаланудан және таратудан сақ болуға шақырады.