Алматыда әйел адам күйеуімен ренжіскеннен кейін күйзеліске түскен: оның балаларына зиян келтірмек болғаны анықталды
Оқиға орнына патрульдік және ювеналды полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар мен жедел жәрдем бригадасы жедел жеткен
Алматы қаласының Алатау ауданында түнгі уақытта полицияға әйелдің өзіне және балаларына зиян келтіруі мүмкін екені туралы хабарлама түскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға орнына патрульдік және ювеналды полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар мен жедел жәрдем бригадасы жедел жеткен. Белгілі болғандай, әйел күйеуімен болған жанжалдан кейін күйзеліске түсіп, өзіне және үйдегі алты баласына қиянат жасамақ болған. Полицейлер алдымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әйелді сабырға шақырған. Кейін балалар Алатау аудандық полиция басқармасына жеткізіліп, мамандардың қарауына берілді.
Қазір отбасыға қажетті психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр. Бұл жұмысқа психологтар, әлеуметтік қызмет өкілдері мен үкіметтік емес ұйымдар тартылды.
Полиция тұрмыстық немесе психологиялық қиындыққа тап болған азаматтарды мәселені жалғыз шешуге тырыспай, дер кезінде тиісті қызметтердің көмегіне жүгінуге шақырды. Мамандардың айтуынша, уақытылы көрсетілген қолдау қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді.