Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша алғашқы сот отырысы өтеді
Іс сот қарауына қабылданып, алғашқы тыңдау күні белгіленді
21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша алғашқы сот отырысы 21 шілдеде өтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алдын ала тыңдау барысында сот негізгі процестік мәселелерді қарайды. Атап айтқанда, істің алқабилердің қатысуымен немесе кәсіби судьяның қарауында өтетінін анықтайды, мемлекеттік айыптаушыны тағайындайды, келесі сот отырыстарының күнін белгілейді. Сондай-ақ заң талаптарына сәйкес сот процесінің ашық, жабық немесе онлайн көрсетілім арқылы өтетін форматы айқындалады.
Марқұмның отбасы өкілдерінің айтуынша, істі қараудың әрі қарайғы тәртібі осы отырыста қабылданатын шешімдерге байланысты болады. Жәбірленуші тарап соттың ашық әрі әділ өтуін қолдайтынын, ал айыпталушының кінәсі дәлелденген жағдайда заңда көзделген ең қатаң жаза тағайындалуын сұрайтынын мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, 21 жастағы Нұрай Серікбайды Шерхан Аймахан атты жас жігіт пышақтап өлтірген еді. Ең сорақысы, марқұм қыз қыр соңынан қалмаған жігітке қатысты құқық қорғау органдарына арыз жазған. Бірақ, жергілікті полиция мен прокуратура арызға мән бере қарамаған.