Ақтөбелік тұрғын әскерге бармау үшін заңгерлік компанияға 500 мың теңге төлеген
Компания әскери қызметтен босатуға уәде бергенімен, кейін сот арқылы ақшаны кері қайтаруға мәжбүр болды
Ақтөбе тұрғыны әскери қызметтен босатылады деген үмітпен заңгерлік компанияға 500 мың теңге төлегенімен, уәде етілген нәтижеге қол жеткізе алмады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Диапазон-ға сілтеме жасап.
Тұтынушылар ұлттық палатасының жетекшісі Ислам Болатовтың айтуынша, компания әскерге шақырылушыға әскери қызметтен босатуға көмектесетінін уәде еткен. Алайда мұндай уәдені орындауға оның заңды негізі болмаған.
«Заңгерлік компания тұтынушыны әскери қызметтен босатуға уәде берген, алайда оған ешқандай заңды негізі болмаған. Соттың шешімімен аталған заңгерлік компаниядан тұтынушының пайдасына 500 мың теңге өндіріліп алынды», – деді Болатов.
Сотта компания өкілі әскери қызметтен жалтаруға көмектесуге уәде бермегендерін, тек кеңес беру қызметін көрсеткендерін алға тартқан.
Бұл – жастардың мерзімді әскери қызметке бармау ниетін пайдаға асыруға тырысқан алғашқы жағдай емес. Полиция мәліметінше, жуырда 21 жастағы ер адам басқа бір әскерге шақырылушыға 250 мың теңгеге әскерден кейінге қалдыру рәсімдеуге көмектесетінін айтқан.
Ақша медициналық тексеруден өту кезінде берілген. Алайда «көмекші» әскери комиссариатқа ешқандай қатысы жоқ қарапайым алаяқ болып шыққан. Ол алған ақшаны жеке қажетіне жұмсап, көп ұзамай байланысқа шығуды тоқтатқан. Қазір аталған дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.