127 адамның атына заңсыз несие рәсімделген: Астана соты «қолдан жасалған іс» деген мәлімдемеге жауап берді

Сот іс бойынша барлық дәлелдің заң талаптарына сай жиналғанын айтып, істің қолдан ұйымдастырылғаны туралы мәлімдемелерді теріске шығарды

127 адамның атына заңсыз несие рәсімделген: Астана соты «қолдан жасалған іс» деген мәлімдемеге жауап берді
Фото: © istockphoto.com

Астана қалалық сотының баспасөз қызметі 10 шілде күні әлеуметтік желілерде жарияланған, 127 адамды несие міндеттемесіне қалдырған алаяқтық схеманы ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық іс қолдан жасалған деген мәлімдемелерге түсініктеме берді. Соттың мәлімдеуінше, бұл ақпарат заңды күшіне енген сот актілерімен анықталған мән-жайларға сәйкес келмейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астана қалалық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 шілдеде Әлия Айтбаева әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялап, өз қарындасы Әсемгүл Айтбаева мен жездесі Максим Рассохинге қатысты қылмыстық іс қолдан ұйымдастырылғанын айтқан. Сондай-ақ ол соттың өзінің пәтерін заңсыз тартып алғанын мәлімдеген.

«Аталған мәлімдемелер заңды күшіне енген сот актілерімен анықталған мән-жайларға сәйкес келмейді», – деп атап өтті сот.

Соттың дерегінше, қылмыстық істі қарау барысында Әсемгүл Айтбаева мен Максим Рассохиннің алаяқтық схеманы ұйымдастырғаны анықталған. Олар азаматтарға несиені жедел рәсімдеуге көмектесеміз деген желеумен адамдарды адастырған.

Сот мәліметінше, бұл схеманы жүзеге асыру үшін арнайы хабарландырулар жарияланып, делдалдар мен банк қызметкерлері тартылған. Азаматтарды Астанаға жеткізіп, олардың атына несие рәсімдеткен және қарызды өздері өтейтіндерін уәде еткен.

Соттардың анықтауынша, несие рәсімделгеннен кейін ақша мен сатып алынған тауарларды Әсемгүл Айтбаева мен Максим Рассохин иеленген. Міндеттемелерін адал орындап жатқандай көріну үшін олар бастапқыда аз мөлшерде төлем жасап отырған, кейін төлемдерді мүлде тоқтатқан. Соның салдарынан 127 азамат несие міндеттемесімен қалған. Жәбірленушілердің арасында зейнеткерлер де көп болған.

Баспасөз қызметі еске салғандай, 2021 жылғы 22 желтоқсанда Әсемгүл Айтбаева түпкілікті төрт жыл алты айға, ал Максим Рассохин төрт жылға бас бостандығынан айырылған. Жоғарғы сот бұл үкімді өзгеріссіз қалдырған.

«Осылайша, қылмыстық іс қолдан жасалған деген мәлімдемелер заңды күшіне енген сот шешімдерімен жоққа шығарылады», – деп мәлімдеді сот.

Баспасөз қызметі Әлия Айтбаеваның пәтерінен заңсыз айырылғаны туралы мәлімдемесіне де түсініктеме берді. Соттың мәліметінше, ол сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап-арыз берген. Алайда үш сатыдағы сот та мәмілені заңды деп танып, талап-арызды қанағаттандырудан бас тартқан.

«Соған қарамастан, Әлия Айтбаева соттар анықтаған мән-жайларға қайшы келетін мәліметтерді таратуды жалғастырып отыр», – деп хабарлады баспасөз қызметі.

Сот сондай-ақ Қазақстан заңнамасында көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

Бұған дейін осы қылмыстық іс бойынша айыпталушылардың несие рәсімдеуге көмектесеміз деген хабарландырулар жариялап, делдалдарды тартып, адамдарды өз атына несие алуға көндіргені, кейін қарызды өздері өтейтіндеріне уәде бергені хабарланған болатын. Жәбірленушілердің арасында Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен келген азаматтар, оның ішінде зейнеткерлер де болған. Ақша алынғаннан кейін несиелер бойынша төлемдер тоқтатылып, барлық міндеттеме қарыз алушылардың мойнында қалған. Сот мәліметіне сәйкес, анықталған эпизодтар бойынша 127 адам жәбірленуші деп танылған.