СҚО прокуратурасы суицид пен экстремизмді насихаттаған Telegram-арналарды бұғаттады

Қадағалау органы қауіпті ақпараттың таралуына жол бермеу шараларын күшейтті

СҚО прокуратурасы суицид пен экстремизмді насихаттаған Telegram-арналарды бұғаттады
Фото: ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі

Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында экстремизм мен терроризмді насихаттайтын, жасөспірімдер арасындағы суицидті және балаларға қатысты зорлық-зомбылықты дәріптейтін материалдар таратылған топтарды анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Прокуратура мәліметінше, олардың қатарында «Pozor Petro» Telegram-арнасы да бар. Онда кәмелетке толмағандардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін материалдар, сондай-ақ жыныстық сипаттағы бейнероликтер жарияланған.

Анықталған ресурстарға «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы қолжетімділік шектелді.

Прокуратура ата-аналарды балалардың ақпараттық қауіпсіздігіне көбірек көңіл бөлуге, олардың интернеттегі белсенділігіне қызығушылық танытып, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қарайтын контентін бақылауда ұстауға шақырды.

Ведомствоның пікірінше, интернеттегі қауіпсіздік ережелері туралы тұрақты түрде әңгімелесу кәмелетке толмағандардың құқыққа қайшы әрекеттерге тартылу қаупін азайтуға көмектеседі.