Павлодар облысында мал ұрлығымен айналысқан топ ұсталды (ВИДЕО)
Полицейлердің мәліметінше, күдіктілер ұрлаған малдың етін сатып үлгермеген
Павлодар облысында мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен бір топ адам ұсталды. Май ауданында жүргізілген арнайы операция барысында күдіктілер мінген көліктен қылмысқа қатысты айғақ заттар тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Күдіктілер мінген көлікті тексеру кезінде қылмысқа қатысты айғақ заттар тәркіленген.
Павлодар облыстық полиция департаменті криминалдық полициясы бастығының міндетін атқарушы Азат Құсайыновтың айтуынша, күдіктілердің екеуі 1 миллион теңгеден астам шығын келтірген мал ұрлығына қатысы бар деген күдікке ілінген.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің бірі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір олардың осыған ұқсас өзге де мал ұрлығы деректеріне қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», – деді ол.
Полиция өңір тұрғындарын малды қараусыз қалдырмауға, жайылым кезінде сақтық шараларын күшейтуге шақырды. Сондай-ақ күмәнді жағдайлар байқалса, бірден полицияға хабарлауды сұрады.