Египетке де, Англияға да емін-еркін ұшқан: Ақтөбедегі сот орындаушысы лицензиясынан айырылды
Тексеру кезінде жеке сот орындаушысының жұмысынан бірнеше заңбұзушылық анықталды
Ақтөбеде жеке сот орындаушысы жұмысындағы көптеген заңбұзушылық үшін лицензиясынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Диапазонға» сілтеме жасап.
Әділет министрлігі сот арқылы сот орындаушысы Манап Ниязбаевты лицензиясынан айыруды талап етті. Тексеру барысында оның жұмысынан бірқатар заңбұзушылық анықталған.
Атап айтқанда, ол миллиондаған теңге қарызы бар борышкерлердің елден шығуына тыйым салу бойынша шара қабылдамаған. Соның салдарынан олар Мысыр, Англия және Польшаға емін-еркін ұшып барған.
Бұдан бөлек, сот орындаушысы борышкерлердің есепшотынан ақша шешіп алған. Алайда тексеру кезінде бұл қаражаттың өндіріп алушылар арасында бөлінгені туралы мәлімет болмаған.
Жауапкердің өзі сотта заңбұзушылықтардың едәуір бөлігін жойғанын айтып, талап-арызды қанағаттандырмауды сұраған. Бірақ сот ведомствоның талабын қанағаттандырып, оны лицензиясынан айырды.