Жезқазғанда жол ережесін өрескел бұзған сегіз жас жүргізуші жазаланды (ВИДЕО)
Заң бұзушылықтар бейнебақылау камералары арқылы анықталып, барлық жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Жезқазғанда жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған сегіз жас жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлытау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, заң бұзушылықтар қала көшелеріндегі бейнебақылау камералары арқылы жүргізілген мониторинг кезінде анықталған.
Жедел басқару орталығының кезекші инспекторлары жол қозғалысы ережелерін сақтамаудың бірнеше дерегін тіркеген.
Тексеру нәтижесінде тәртіп бұзған сегіз жас жүргізушінің жеке басы анықталды. Олардың әрқайсысына қатысты әкімшілік материалдар рәсімделіп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Полиция департаменті бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында жүргізіліп жатқанын атап өтті. Аталған тұжырымдама қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық тетіктерді нығайтуға, құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға және заңды сақтау қоғамның басты құндылықтарының біріне айналуына бағытталған.