Тергеу мәліметінше, күдікті банк клиенттерінің деректерін пайдаланып, олардың атына заңсыз несие рәсімдеген
Қарағанды облысының Саран қаласында полиция қызметкерлері банк менеджері болып жұмыс істеген 23 жастағы әйелді алаяқтық жасады деген күдікпен ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қарағанды облысы полиция департаментінің мәліметінше, күдікті қызметтік мүмкіндігін пайдаланып, клиенттердің атына олардың сұратқан сомасынан әлдеқайда көп мөлшерде несие рәсімдеп отырған. Миллиондаған теңге көлеміндегі қарыз туралы жәбірленушілер тек арада біраз уақыт өткен соң ғана білген.
Қазіргі уақытта полицияға төрт адам арызданған. Алдын ала есеп бойынша келтірілген жалпы шығын 6,9 миллион теңгеден асқан.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігі («Алаяқтық») бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полицейлер күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
«Несие шарттарының талаптарын мұқият оқып, қарыз сомасын міндетті түрде тексеріңіздер. Сондай-ақ ұялы телефоныңызды, банк қосымшаларын және жеке деректеріңізді бөгде адамдарға бермеңіздер», – деп ескертті полиция.
Қазіргі уақытта іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.