Атырауда бас бухгалтер үш жыл бойы өзіне артық жалақы аударып келген

Автор: Алмас Ерсін

Тергеу мәліметінше, күдікті ұйымның қаражатын бірнеше жыл бойы заңсыз иемденіп келген

Фото: © istockphoto.com

Атырау облысы Ішкі саясат басқармасына қарасты облыстық жастар ресурстық орталығының бас бухгалтері үш жылға жуық уақыт бойы өзіне жалақыны, сыйақыны және өзге де төлемдерді заңсыз көбейтіп отырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.   

Тергеу мәліметінше, Н.Б. есімді азаматша аталған мекемеде 2022 жылдың ақпан айынан бастап бас бухгалтер қызметін атқарған. Мекеме басшылары оған өздерінің электрондық цифрлық қолтаңбаларын сеніп тапсырғандықтан, ол төлем құжаттарын өз бетінше әзірлеп, қазынашылыққа жолдай алған.

Іс материалдарына сәйкес, алдымен бас бухгалтер төлем құжаттарын дұрыс сомамен рәсімдеп, жұмыс компьютеріне жүктеген. Кейін өзіне тиесілі төлемдер көрсетілген бөлігін ғана өзгертіп, төлем тапсырмаларын қайтадан орындауға жіберіп отырған. Алғашқы заңсыз аударымдар көлемі 20 мың, 40 мың және 50 мың теңге болған.

Артық төлемдерді ешкім байқамайтынына көзі жеткен соң, ол өзіне аударылатын сомаларды жүздеген мың теңгеге дейін көбейткен.

Осылайша ол жүйелі түрде өзіне жалақыны, сыйақыны, материалдық көмекті, сауықтыруға арналған төлемдерді және басқа да төлемдерді заңсыз арттырып отырған. Бұдан бөлек, іссапарға бармағанына қарамастан, өзіне іссапар шығыны ретінде 209 мың теңге аударған. Сот анықтағандай, оны іссапарға жіберу туралы ешқандай бұйрық шығарылмаған.

Үш жылдың ішінде бухгалтер заң бойынша алуы тиіс 7,7 млн теңгенің орнына бюджеттен 29 млн теңгеден астам қаражат алған. Заңсыз иемденілген қаржы көлемі 21 327 673 теңгені құрады.

Сондай-ақ белгілі бір кезеңде ол ресми түрде бас бухгалтер қызметінен басқа жұмысқа ауыстырылғанымен, қаржылық есептілікті әзірлеуді және бас бухгалтердің міндеттерін орындауды жалғастырған.

Сот барысында Н.Б. өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Сондай-ақ мемлекетке 7 млн 321 мың теңгені өз еркімен қайтарғанын мәлімдеді. Қалған 14 006 673 теңгені соттың шешімімен Жастар ресурстық орталығының пайдасына өндіру белгіленді.

Сот әйелді қызметтік жағдайын пайдалана отырып, аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар оған 5 жыл бойы материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.

Алайда сотталған әйел әзірге түзеу мекемесіне жіберілмейді. Оның кәмелетке толмаған баласы бар болғандықтан, сот жаза өтеуді 5 жылға, бірақ баласы 14 жасқа толғанға дейінгі мерзімнен аспайтын уақытқа кейінге қалдырды.