Астанада балаларын субұрқаққа шомылдырған ата-аналарға айыппұл салына бастады
Полиция тұрғындарға субұрқақтарда шомылу қауіпті екенін ескертіп, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік ата-аналарға жүктелетінін мәлімдеді
Астанада Ботаникалық бақтағы субұрқақтарға шомылған балалардың ата-аналарын әкімшілік жауапкершілікке тарта бастады. Полиция субұрқақтардың бассейн емес екенін, мұндай орындар суға түсуге арналмағанын әрі балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екенін еске салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елорданың Есіл аудандық полиция басқармасы Ботаникалық бақтағы субұрқақтарға шомылған балалардың ата-аналарын әкімшілік жауапкершілікке тарта бастағанын мәлімдеді.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, кейбір ата-аналар балалардың субұрқаққа түсуіне әлі де рұқсат беріп жүр. Осындай жағдайларда полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін әкімшілік материалдар рәсімдейді.
Полиция субұрқақтардың суға түсуге арналмағанын тағы бір мәрте еске салды. Онда жүру жарақат алуға, электр тогының соғуына және жұқпалы ауруларды жұқтыруға себеп болуы мүмкін.
«Ата-аналарды қауіпсіздік талаптарын сақтауға, балаларды қараусыз қалдырмауға, сондай-ақ олардың субұрқақтар мен суға түсуге арналмаған басқа да орындарға шомылуына жол бермеуге шақырамыз. Балалардың қауіпсіздігі – барлық ересек адамның ортақ жауапкершілігі», – деп мәлімдеді полиция басқармасы.