Ол 2 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды
Қостанай қалалық соты заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастырды деп айыпталған 43 жастағы жергілікті тұрғынға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс материалдарына сүйенсек, ер адам 2018 жылдан 2024 жылға дейін азаматтарға мүлікті кепілге алып, пайызбен қарыз беріп келген. Ол бұл қызметті жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей және ресми жұмыссыз жүргізген. Тергеу мәліметінше, қарыздар айына 8-10 пайыз өсіммен берілген. Бұл көрсеткіш екінші деңгейлі банктердегі несие мөлшерлемесінен әлдеқайда жоғары болған.
Сотта анықталғандай, айыпталушы қарыз беру туралы хабарландыруларды Instagram әлеуметтік желісі мен OLX платформасы арқылы жариялап отырған. Осы жылдар ішінде ол нотариус арқылы 52 қарыз шартын рәсімдеген.
Қостанай облыстық сотының баспасөз хатшысы Ләззат Байғожинаның айтуынша, сот барысында заңсыз табысты жасыру дерегі де дәлелденген.
Іс құжаттарына сәйкес, ер адам шамамен 35 миллион теңгенің шығу тегін жасыру үшін Mercedes-Benz G 500 автокөлігін сатып алған. Алдымен көлік танысының атына рәсімделіп, сол күні мүгедектігі бар әпкесінің атына қайта тіркелген.
Сот үкім шығарғанда оның кәмелетке толмаған баласы барын және психикалық дертке шалдыққанын ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Ер адам 2 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі ең төменгі мекемеде өтейді. Сондай-ақ сотталғанның мүлкі тәркіленіп, оған алты жыл бойы қаржы, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда кәсіпкерлікпен және микроқаржылық қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Сот отырысы барысында Қостанайдағы жекелеген нотариустардың қаржылық мониторинг туралы заң талаптарын сақтамағаны да белгілі болған. Осыған байланысты сот Қостанай облысының прокуроры мен облыстық әділет департаментінің басшысына жеке қаулы жолдады.