Көкшетауда 115 млн теңгеден астам алтын бұйымның жоғалуына байланысты іс қозғалды
Бұрынғы филиал директоры ірі көлемдегі зергерлік бұйымдарды талан-таражға салды деген күдікке ілінді
Көкшетауда полицейлер 115 миллион теңгеден астам сомаға бағаланған зергерлік бұйымдардың ірі көлемде талан-таражға салыну фактісін тергеп жатыр. Күдік белгілі бір зергерлік үйдің филиалын басқарған бұрынғы топ-менеджерге түсіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл ақпаратты Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі растады. Ведомствоның мәліметінше, 17 маусымда қала полиция басқармасына зардап шеккен компания өкілінен арыз түскен.
Компанияның Көкшетаудағы өңірлік филиалында жүргізілген ішкі тексеру барысында алтын әшекейлерден тұратын тауарлық-материалдық құндылықтардың ірі көлемде жетіспейтіні анықталған.
«Алдын ала мәлімет бойынша, ұрлық биылғы сәуір мен маусым айлары аралығында жасалуы мүмкін. Компания өкілінің айтуынша, талан-таражға филиалдың бұрынғы өңірлік директоры қатысы болуы ықтимал», – деп мәлімдеді полиция департаменті.
Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері дереу сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Алғашқы тергеу әрекеттері аясында жедел қызметкерлер арызданушылар көрсеткен адамнан жауап алып, іске қатысты барлық қажетті құжаттарды жинау және зерделеу жұмыстарын ұйымдастырған.
Қазіргі уақытта істің өзге де мән-жайларын анықтауға бағытталған кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
Осы оқиғаға байланысты полицейлер сауда нысандары мен ұйымдардың иелеріне ішкі аудитті тұрақты түрде өткізіп тұруды, түгендеу жұмыстарын жүргізуді, тауарлық-материалдық құндылықтардың қозғалысын қатаң бақылауда ұстауды, сондай-ақ осындай қылмыстардың алдын алу үшін заманауи есепке алу және бейнебақылау жүйелерін пайдалануды ұсынды.