Оған бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды
Қалалық прокуратураның мәліметінше, заң бұзушылық Наурызбай ауданында жүргізілген тексеру барысында анықталған. Пәтер иесі азаматтарды ақылы түрде өз мекенжайына тіркеп отырған, алайда олардың ешқайсысы аталған пәтерде іс жүзінде тұрмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Тексеру нәтижесінде пәтер иесінің заңсыз көші-қонды ұйымдастырумен айналысқаны анықталды. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 394-бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді», – деп хабарлады Алматы қаласының прокуратурасы.
Сот барысында ер адамның бір бөлмелі пәтерге жалпы саны 990 адамды тіркегені белгілі болған. Сот оны кінәлі деп танып, бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Прокуратура азаматтарды заң талаптарын сақтауға және жалған тіркеу рәсімдеуден бас тартуға шақырды.