«Ол отбасына қамқор, жауапкершілігі жоғары еді»: Сәрсемалиевтің әкесі мен анасы сотта сөз сөйледі

Автор: Аягөз Құрмаш

Ал анасы ұлын жігерлендіре түсті

Фото: azh.kz

Жангелдин ауылындағы бір отбасының өліміне қатысты сот процесінде бүгін айыпталушы Сұлтан Сарсемалиевтің ата-анасы куәлік берді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгін сотта Жангелдин ауылындағы отбасы өліміне қатысты іс бойынша куәларды тыңдау өтті. Жалпы іс бойынша 26 куә өтсе, олардың 17-сінен түске дейін жауап алу жоспарланған.

Алғаш болып сот залына айыпталушының әкесі Самиғолла Сәрсемалиев шақырылды. Ер адамның ақсаңдап кіргенін байқаған судья оған отырып жауап беруге рұқсат берді.

Жауап алу басталған кезде Сұлтан Сәрсемалиев көз жасына ерік берді. Судья оның жағдайын сұрағанда, адвокаты қысқаша «уайымдап отыр» деп жауап қайырды.

Сот сұрақтарына жауап берген әкесі ұлын сабырлы әрі отбасына жақын адам ретінде сипаттады. Оның айтуынша, Сұлтан темекі шекпеген, насыбай қолданбаған, құмар ойындарға әуес болмаған және жанжалдан қашық жүрген.

«Ол отбасына қамқор болды, үнемі жанұясын ойлайтын. Жауапкершілігі жоғары еді», - деді куәгер.

Сонымен қатар әкесі ұлын толық ақтап алуға тырыспайтынын айтты.

«Кімнің кінәлі екенін сот анықтап, бұл іске нүкте қояды деп үміттенемін», - деді ол.

Әкесінің сөзінше, ол әлі күнге дейін болған жайтты толық түсіне алмайды және ұлының мұндай қылмысқа бара алатынына сенбейді. Қазір оның бір немересі сәбилер үйінде, тағы төртеуі кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында жатыр. Ол балаларға үнемі барып тұратынын айтты.

Жауап беру барысында Самиғолла Сарсемалиев Сұлтан мен бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева арасына өзге адамдар араласқан болуы мүмкін деген пікір айтты. Судья мұның кісі өлтіруге себеп болуы мүмкін бе деп нақтылады.

«Ешкім олай ойламайды және ешкім олай айтпайды», - деп жауап берді куәгер.

Ол қазіргі таңда жас отбасылардың ата-анасынан бөлек тұруды жиі таңдайтынын да айтты. Ұлының өткен өмірі туралы айтқан әкесі Сұлтанның балалық шағында психологиялық жарақаттар немесе ауыр күйзелістер болмағанын жеткізді. Сондай-ақ ол Сұлтан мен Ақбаян арасында елеулі жанжалдарды байқамағанын айтты.

«Оның Ақбаянға қол көтергенін де, дөрекі сөйлегенін де көрген емеспін», - деді әкесі.

Судья ерлі-зайыптылар арасында не болуы мүмкін екенін сұрағанда, куәгер тұрмыстық келіспеушіліктер болуы мүмкін дейді.

 «Қазақта «ерлі-зайыптылардың арасына бөтен адам араласпайды» деген сөз бар, - деді ол.

Айыпталушының әкесі 2025 жылдың қараша-желтоқсан айларындағы оқиғалар туралы ештеңе білмегенін де айтты. Қаза тапқан отбасының туыстары Мұқанғалиевтерге хабарласа алмай жүргендерін айтқанда, бастапқыда олардың басқа жаққа кетіп қалған шығар деп ойлаған. Кейін оған Сұлтан мен Ақбаянның Өзбекстанда жүргені айтылған. Алайда біраз уақыттан соң ғана шын мәнінде не болғанын білген.

Куәгердің айтуынша, ол Максот Мұқанғалиевті соңғы рет қызы Ақбаянды алып кетуге келген күні көрген. Сол кезде ол жастарға бөлек шықпауға кеңес бергенімен, оның сөзіне ешкім құлақ аспаған.

Осыдан кейін сотта айыпталушының анасы Гүлнәр Азмұханова куә ретінде шақырылды. Ол сот сұрақтарына жауап беруден бас тартты. Осыған байланысты судья әйелдің тергеу кезінде берген жауаптарын оқып берді. Азмұханова бұл жауаптарды толық растайтынын айтты.

Сот залынан шығар алдында ол ұлына тіл қатуға рұқсат сұрады. Анасы Сұлтанға оның бес баласы бар екенін және қандай жағдай болса да олардың әкесі болып қала беретінін еске салды.

«Сен бұл өмірде қуаныш көрмедің. Өмір бойы күресіп келдің. Мықты бол. Өмір үшін күрес. Мен балаларыңа олардың әкесі бар екенін айтып отырамын», - деді ол.

Сот процесі жалғасып жатыр.