Қазақстанда терек мамығын өртегендер сотталуы мүмкін

Полиция терек мамығын өртеу өртке себеп болып, ірі шығынға әкелетінін ескертті

Қазақстанда терек мамығын өртегендер сотталуы мүмкін
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда балалар мен ересектердің терек мамығын өртеу жағдайлары көбейген. Осыған байланысты полиция өкілдері бұл әрекеттің соңы қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкіндігін ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мұндай әрекеттер қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіріп, құрғақ шөптің, қоқыстың, көліктердің, балалар алаңдарының және тұрғын үйлердің өртенуіне себеп болуы мүмкін. Сондықтан мұндай әрекет үшін ірі көлемде айыппұл салынып, тіпті қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған.

Жағдайдың мән-жайы мен салдарына қарай кінәлі адамдар жауапкершілікке тартылады:

  • Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 410-бабы бойынша – өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны немесе орындамағаны үшін;
  • кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша балаларды тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін орындамағаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін;
  • егер әрекет қоғамдық тәртіпті бұзса, ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша ұсақ бұзақылық ретінде қаралады.

Ал егер өрт салдарынан материалдық шығын келтірілсе немесе ірі көлемдегі өрт шықса, қылмыстық жауапкершілік қарастырылады.

Полиция ата-аналарды балаларымен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырып, тұрғындарға өрт фактілері туралы «102» нөміріне дереу хабарлауды ескертті.

Айта кетейік, бұған дейін өрт сөндірушілер терек мамығына байланысты қазақстандықтарға ескерту жасаған болатын.